«Project Management» бағдарламасының алғашқы түлектері

4 қараша күні Экономика жоғары мектебінің және Жобаларды басқару бойынша ADK Project консалтингтік компаниясының бірлескен сертификаттау бағдарламасының «Project Management» курсын меңгерген студенттерге сертификаттар табысталды. Салтанатты шараға ADK Project басқарушы әріптесі Әсет Дәуітов, ADK Project басшысы Әнуар Ахметжанов, Экономика жоғары мектебінің деканы Дильбар Гимранова, «Қаржы, есеп және аудит» кафедрасының меңгерушісі Айжан Тоқтабаева, «Экономика, менеджмент және туризм» кафедрасының меңгерушісі Асхат Нәметша, «Аударма ісі» кафедрасының меңгерушісі Айжан Кашкенова қатысты.  

«Бүгінгі күні аталған сертификат сіздерге кәсіптік сертификаттауды тікелей тапсыруға, бюджеттік инвестицияларды іріктеу және қарау, сондай-ақ мемлекеттік және жекешелік әріптестік мәселелерінде алға жылжыту процесінде басты рөл атқаратын ұйымға тәжірибеден өтуге іріктеуге қатысуға мүмкіндік береді. Енді дипломнан басқа, сертификаттарыңыз да бар. Бұл біліміңізді растайтын сертификат. Астана бойынша осы сертификаттарға ие болған алғашқы және жалғыз студентсіздер», – Әнуар Ахметжанов.

«Құрметті студенттер, сіздерді құттықтаймыз! Бұл да бір жеңіс, мен сіздердің барлығыңыз қалай қиналғандарыңызды білемін. ADK Project әріптес компанияға бөліскен тәжірибе мен берген білімдері үшін алғыс білдіремін. Жобаның өзіне және болашақ жобалау менеджерлеріне табыс тілеймін!» – Дильбар Гимранова.