«Академиялық адалдық» халықаралық ғылыми форумы

2016 жылдың 19-20 мамырында «КАЗГЮУ Университеті» АҚ Назарбаев Университетімен және «Экономикалық зерттеулер институтымен» бірлесіп, «Академиялық адалдық: мәселелері мен келешегі. Озық тәжірибе» тақырыбында халықаралық ғылыми форум өткізуде.

Форум мақсаты – инновациялық білім беру саласындағы академиялық адалдықты дамытуға қатысты зерттеушілер мен практиктердің өзара тәжірибе алмасуы үшін халықаралық тұғырнама құру. Форум аясында экономика мен құқықтану саласындағы жетекші халықаралық және қазақтандық зерттеушілер, практиктер, сарапшылар академиялық адалдықтың өзекті мәселелерін талқылайды; келесі бағыттардағы секциялар жұмыстарына қатысады: 1. Орта және жоғары оқу орындарындағы академиялық адалдық (Назарбаев зияткерлік мектептері, Назарбаев Университеті және КАЗГЮУ Университеті); 2. Академиялық адалдық және халықаралық аккредитация; 3. Академиялық адалдық және бизнес этика қағидаттары; 4. Академиялық адалдықтың құқықтық негіздері.

Шараға ҚР БҒМ, ҰКП өкілдері, республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдар, ұлттық және шетелдік аккредитеттеу агенттіктері, отандық және шетелдік ғалымдар, білім беру саласындағы халықаралық сарапшылар, барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарының жетекшілері, оқу орындарының өкілдері қатысады.  

Форумда спикерлер ретінде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, КАЗГЮУ Университетінің ректоры, Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев, Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Нұржан Альтаев, FIBAA басқарушы директоры (Германия) Бергер Хендрикс, ҚБТУ Бизнес мектебінің деканы Юан Симпсон сөз сөйлейді.

Секциялық пікірталастарда халықаралық және отандық білім беру саласындағы келесі өзекті мәселелер талқыланады деп жоспарлануда:

«Академиялық адалдық және халықаралық аккредитация»;

«Білім беру бағдарламаларының халықаралық кәсіби ұйымдармен аккредитеттелуі»;  

«Білім беру жүйесідегі зияткерлік меншік»;  

«Академиялық адалдық саясатын енгізу: КАЗГЮУ Университеті Экономика Жоғары Мектебінің тәжірибесі».